Компанияның портреті
GRI 2–1
«Самұрық‑Энерго» акционерлік қоғамы – Қазақстан Республикасындағы ірі көпсалалы энергетикалық холдинг, халықаралық энергетикалық теңгерімге табысты кіріктірілген. Компания акционерлері үшін құн қалыптастырып, энергиямен жабдықтаудың жоғары тиімді жүйесін құруға, қолданыстағы генерациялайтын қуаттарды жаңғырту және жаңа қуаттарды енгізу жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған, бұл ел экономикасының барлық салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Самұрық‑Энерго» АҚ компаниялар тобы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және осы аумақта өз қызметін жүзеге асырады. Компания туралы толығырақ www.samruk-energy.kz
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» АҚ болып табылады. Компания туралы толығырақ www.sk.kz
Негізгі қызмет бағыттары
GRI 2–6
Негізгі қызмет бағыттары
«Самұрық‑Энерго» АҚ өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырады.
Негізгі қызмет түрлері өндірістен бастап өткізуге дейінгі бүкіл тізбек бойынша энергетикалық активтерді кешенді басқаруды қамтиды, оның ішінде энергетикалық көмірді өндіру және өткізу, электр және жылу энергиясын өндіру, магистральдық және тарату желілері арқылы электр энергиясын беру, сондай-ақ соңғы тұтынушыларға өткізу.
Электр және жылу энергиясын өндіру көмір және газ электр станциялары, су электр станциялары және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілері базасында жүзеге асырылады.
Электр энергиясын өткізу нарықтың орталықтандырылған моделі аясында Бірыңғай сатып алушы арқылы жүзеге асырылады, ал беру және тарату қызметтері лицензияланған қызмет шеңберінде желілік ұйымдармен, соның ішінде Топ компанияларымен көрсетіледі.
Негізгі өнімдері мен қызметтері
-
Электр және жылу энергиясын өндіру
-
Электр энергиясын магистральдық және тарату желілері арқылы тасымалдау
-
Энергетикалық көмірді өндіру және сату
Негізгі өткізу нарықтары
- Электр энергиясы негізінен электр энергиясының Бірыңғай сатып алушысы арқылы көтерме нарықта, сондай-ақ халық пен өнеркәсіптік кәсіпорындарды қоса алғанда, соңғы тұтынушыларға өткізіледі.
- Энергетикалық көмір Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізіледі және Ресей Федерациясына экспортталады.
Даму тарихы
Қолданыстағы генерациялайтын қуаттарды жаңғырту және жаңа қуаттарды енгізу жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында 2007 жылғы 18 сәуірде құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешімімен «Самұрық‑Энерго» акционерлік қоғамы құрылды. Құрылу сәтінде «Самұрық‑Энерго» АҚ құрылтайшылары «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ болды. «Самұрық‑Энерго» АҚ 2007 жылғы 10 мамырда Алматы қаласында тіркелді.
2008 жылғы 3 қарашада «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ мен «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ бірігу жолымен қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде «Самұрық‑Энерго» АҚ акционері «Самұрық‑Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болды, ол «Самұрық» АҚ-ның құқықтық мұрагері болып табылады.
Активтері
«Самұрық‑Энерго» АҚ компаниялар тобының құрамына Қазақстандағы ірі генерациялаушы компаниялар кіреді, оның ішінде ұлттық маңызы бар нысандар – Екібастұз МАЭС‑1 және МАЭС‑2, сондай-ақ өңірлік маңызы бар электр және жылу энергиясын өндіретін станциялар. Топ құрамына сондай-ақ Ертіс каскадының құрамына кіретін Қазақстан Республикасының негізгі су электр станциялары, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі су электр станциялары және жаңартылатын энергия көздері объектілері кіреді.
«Самұрық‑Энерго» АҚ активтеріне Алматы өңірінің өңірлік тарату электр желісі мен өткізуші компаниясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын – «Богатырь Көмір» ЖШС жатады. Кәсіпорын көмірді «Самұрық‑Энерго» АҚ компаниялар тобының генерациялау нысандарына да, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдегі үшінші тараптарға да жеткізеді. «Самұрық-Энерго» АҚ активтерінің құрылымы туралы толығырақ ақпаратты сіз Есептің тиісті 24 бетінде таба аласыз.


