ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
![]()
2025 жыл «Самұрық‑Энерго» АҚ үшін стратегиялық шешімдерді жүйелі түрде іске асыру және Компанияның институционалдық тұрақтылығын нығайту кезеңі болды.
Құрметті оқырмандар!
2025 жыл «Самұрық‑Энерго» АҚ үшін стратегиялық шешімдерді жүйелі түрде іске асыру және Компанияның институционалдық тұрақтылығын нығайту кезеңі болды. Электр энергиясына сұраныстың артуы және энергетика саласындағы ұзақ мерзімді құрылымдық сын-қатерлер жағдайында Директорлар кеңесі тұрақты даму үшін берік негіз қалыптастыруға және Компанияның ұзақ мерзімді құнын арттыруға назар аударды.
Директорлар кеңесінің негізгі басымдықтарының қатарында Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігі, қаржылық тұрақтылық және корпоративтік басқару сапасы мәселелері болды. Жыл бойы Кеңес 2024–2033 жылдарға арналған «Самұрық‑Энерго» АҚ даму стратегиясының іске асырылуына, сондай-ақ базалық генерацияны жаңғыртуға, маневрлік қуаттарды дамытуға және жаңартылатын энергия көздері портфелін кезең-кезеңмен кеңейтуге бағытталған теңгерімді инвестициялық портфельді қалыптастыруға стратегиялық қадағалау жүргізді. Компания қызметі Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және тұрақты энергетиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып жүзеге асырылды. Директорлар кеңесі олардың орындалуын өзінің қадағалау функциясының ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, энергожүйенің сенімділігіне, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруға және активтердің тиімділігін арттыруға басымдық берді.
Есепті кезеңде Директорлар кеңесі Басқарма қатысуымен жекелеген стратегиялық сессия өткізді, оның барысында Стратегияны жүзеге асыру терең талданды. Бұл сессия аясында тұрақты даму, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және ұлттық басымдықтарға қол жеткізу контекстінде «жасыл» экономикаға кезең-кезеңімен көшу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Директорлар кеңесі жаһандық технологиялық және салалық трендтердің ықпалы күшейіп келе жатқанын атап өтті. Негізгі бағыттардың қатарында жасанды интеллект технологияларын қоса алғанда цифрлық шешімдерді дамыту, сондай-ақ энергетикалық компаниялардың тиімділігі мен сенімділігіне жаңа талаптар қалыптастыратын энергияны жинақтау жүйелері белгіленді. Сонымен қатар ішкі нарықта электр энергиясын тұтынудың өсуі және энергожүйеге түсетін жүктеменің артуы операциялық тиімділікті арттыру мен заманауи басқару құралдарын енгізудің маңыздылығын күшейтеді..
Осы жағдайларда цифрлық трансформация бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге, жабдықтардың болжамды диагностикасын дамытуға және жаңартылатын энергетика объектілерінің генерациясын болжауды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде.
Стратегиялық басымдықтардың қатарында жобалар портфелін әртараптандыру, оның ішінде жаңа нарықтарға шығу және гидро-, күн, жел және газ генерациясы, сондай-ақ энергияны жинақтау жүйелері салаларындағы жобаларды дамыту (негізінен Орталық Азия елдерінде) белгіленді. Бұл бастамалар ішкі нарық конъюнктурасына тәуелділікті төмендетуге және тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға бағытталған.
Ғылыми-зерттеу және қолданбалы қызметті дамытуға, оның ішінде шетелдік және отандық ұйымдармен әріптестікте жүзеге асыруға ерекше мән беріледі. Ұлттық энергетиканың ерекшеліктерін ескере отырып технологиялық шешімдерді бейімдеу басым бағыт болып қала береді.
Директорлар кеңесі энергожүйенің сенімділігі мәселелеріне айрықша назар аударды. 2025 жылы Екібастұз МАЭС‑1 электр энергиясын өндіру бойынша тарихи максимумға — 24,6 млрд кВт*сағ көрсеткішіне жетіп, соңғы онжылдықтарда алғаш рет толық орнатылған қуатына шықты. Бұл бұрын қабылданған басқарушылық және инвестициялық шешімдердің тиімділігін растады.
Директорлар кеңесі сондай-ақ негізгі инвестициялық бастамаларды қолдады, олардың қатарында жел, күн, газ және гидроаккумуляциялық генерация салаларында жобалық компаниялар құру, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарының құрылысын бастау бар. «Самұрық‑Энерго» АҚ жүзеге асыратын жаңа ЖЭО құрылысы бойынша EPC-келісімшарттар жасалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Кең ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыру аясында Директорлар кеңесі Компанияның қаржылық тұрақтылығын бақылауды қамтамасыз етті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық‑Энерго» АҚ 154,8 млрд теңге көлеміндегі таза пайданы қоса алғанда, тұрақты қаржылық көрсеткіштерді сақтап, кредиттік рейтингін растады және қарыз жүктемесінің бақыланатын деңгейін қамтамасыз етті.
Есепті жылы тұрақты даму саласында да ілгерілеу байқалды. Sustainable Fitch нұсқасы бойынша Компанияның ESG рейтингі 57 балға дейін көтеріліп, экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару салаларындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті.
Әлеуметтік салада 2025 жылы 2025–2027 жылдарға арналған «Самұрық‑Энерго» АҚ жаңа Ұжымдық шарты қабылданып, онда әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту және Топ қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту қарастырылды. Әлеуметтік бастамаларды іске асыру аясында «Алматы электр станциялары» АҚ-ның 38 қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді, бұл жүргізілген әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі болды.
Тұрақты ілгерілеуді қамтамасыз ете отырып, Компания орта мерзімді перспективада маневрлік және жаңартылатын генерацияны дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық мақсатты қолдай отырып, төмен көміртекті модельге кезең-кезеңімен көшуге баса назар аударатын болады.