Үндеуге өту
Samruk Energy
KZ
Мақсұтов Қайрат Берікұлы

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

2025 жылы жұмыстың басты бағыты Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала берді.

Құрметті серіктестер, инвесторлар және әріптестер!

«Самұрық-Энерго» АҚ үшін өткен жыл жоғары операциялық белсенділікпен, ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асырумен және өндірістік әрі қаржылық қызметтегі маңызды нәтижелерге қол жеткізумен ерекшеленді. Электр энергиясын тұтынудың өсуі және Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі қуат тапшылығы жағдайында Компания өз активтерінің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, стратегиялық міндеттерді дәйекті түрде жүзеге асырды.

2025 жылы жұмыстың басты бағыты Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала берді. Жөндеу бағдарламаларын іске асыру, жабдықтарды қалпына келтіру және жаңғырту есебінен Топтың электр энергиясын өндіру көлемі 
40,4 млрд кВт*сағ құрады, бұл ең жоғары жүктемелер кезеңі саналатын күзгі-қысқы маусымды сенімді өткеруге мүмкіндік берді.

2025 жылғы қаржылық көрсеткіштер компанияның тұрақты нәтижелерін көрсетеді. «Самұрық‑Энерго» АҚ-ның табысы 752,8 млрд теңгеге жетті, EBITDA көрсеткіші 314,9 млрд теңгені, ал таза пайда 154,8 млрд теңгені құрады. Қарыз/EBITDA коэффициенті 1,9 деңгейінде қалыптасып, белсенді инвестициялық кезең жағдайында қаржылық басқарудың консервативті және теңгерімді тәсілін растады.

Есепті жылы Компания базалық, маневрлік және жаңартылатын генерацияны дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асырды. Бірнеше гигаватт жиынтық орнатылған қуаты бар жел, күн, газ және гидроаккумуляциялық генерация салаларында жобаларды іске асыру басталып, негізгі инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Бұл жобалар қуат тапшылығын жабу және елдің энергетикалық жүйесін одан әрі дамыту үшін негіз қалыптастырады.

Инвестициялық жобаларды іске асыру халықаралық технологиялық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейтумен қатар жүрді. 2025 жылы Компания Қытай, Еуропа және Жапонияның жетекші энергетикалық және қаржы ұйымдарымен серіктестікті нығайтып, озық технологиялар мен қаржыландыру көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Адам капиталын дамытуға және тұрақты даму мәселелеріне елеулі көңіл бөлінді. Топта 19 мыңнан астам қызметкер еңбек етті, бір қызметкерге шаққанда орта есеппен 55 сағат оқыту қамтамасыз етілді, өндірістік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және әлеуметтік тұрақтылық деңгейін арттыру бойынша шаралар іске асырылды.

2025 жылы «Самұрық‑Энерго» АҚ қауіпсіздік мәдениетін және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды жүйелі түрде нығайтуды жалғастырды. Денсаулық сақтау мен өндірістік қауіпсіздік саласындағы іс-шараларға 
7,393 млрд теңге бағытталды, бұл қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау бойынша басымдықтарды көрсетеді.

Сонымен қатар табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруға 23,2 млрд теңге инвестицияланды. Бұл қаражат қоршаған ортаға әсерді азайтуға, өндірістік процестердің экологиялық тиімділігін арттыруға және Компанияның тұрақты дамуын қолдауға бағытталды.

2026 жылы және орта мерзімді перспективада Компания жаңа генерация қуаттарын іске қосуға, жаңартылатын энергия көздері мен маневрлік генерацияны одан әрі дамытуға, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және Мемлекет басшысы қойған міндеттерге толық сәйкес операциялық тиімділікті арттыруға күш-жігерін шоғырландырады.

Мақсұтов Қайрат Берікұлы «Самұрық‑Энерго» АҚ 
Басқарма төрағасы